Ақмолалық тәртіп сақшылары жоғалып кеткен 2 жасар қызды 15 минут аралығында тауып ата-анасына табыс етті, – деп хабарлайды «Aqmola News» Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға кеше Қорғалжын ауылында орын алған. Кешкі сағат бестер шамасында жергілікті полиция бөліміне 2 жасар Ясмина Серікбайдың қас пен көздің арасында жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен.
Кішкентай Ясминаның анасы Даржан Әлімованың айтуынша, күндізшгі екі жарым шамасында қызы әдеттегідей далаға ойнауға шыққан. Арада бір сағат шамасында қызын көруге шыққан әйел аулада қызының жоқ екендігін байқап зәресі ұшқан. Дереу басқа аулаларды қарап, көршілерінен сұрағанымен қыз ешқайдан табылмаған. Өзі іздеп таба алмаған ана полицияға арыз беруге мәжбүр болыпты, – дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әсем Әбдірахманова.
Баланың жоғалғаны туралы хабар түскен бойда жедел іздестіру тобы оқиға орнына жеткен. Іздеу шараларын аумақтық полиция бөлімінің басшысы Еркін Мәмбетов басқарды.
Біз баласынан бір-ақ сәтте айырылып қалған ананы тыныштандырып, іздеу жұмыстарын ұйымдастырдық. 4 арнайы топ құрылып, елдімекеннің барлық аулалары мен көшелерін сүзіп өттік. Арада 15 минут өткенде Ясминаны келесі көшелердің бірінен полиция экипажы тауып алды. Кішкентай қыз ойнап жүріп ауладан әріп асып кеткен. Өзінің адасып кеткенін түсінген бүлдіршін үйін іздеп одан әрі жүре беріпті. Жоғалған қыздың белгілерімен ұқсас, жылап жүрген қызды көрген полиция қызметкерлері баланы бірден анасына табыс етті, – дейді полиция полковнигі Еркін Мәмбетов.
Баласын тауып берген полиция қызметкерлеріне жүрегі жарыла қуанған Даржан Әлімова алғысын жаудырды.