Қылмыстық-түзету жүйелерінің Ақмола облысы бойынша департаментінің түзету колониясындағы жазасын өтеушілер пандемиямен күресуге өз үлестерін қосуда. Олар уақыттарының көп бөлігін арнайы қорғаныш құрылғыларын тігуге жұмсауда,-деп хабарлайды «Aqmola News.
ЕЦ-166/24 колониясындағы республикалық мемлекеттік «Еңбек» кәсіпорнында жазасын өтеушілер қорғаныш костюмдері мен медициналық маска тігуді қолға алған.
Біз ел басына күн туып, қысылтаяң шақ келгенде тыныш отыра алмаймыз. Бізді күтіп отырған жақындарымыз, балаларымыз, ата-аналарымыз қолдауға зәру ғой. Сондықтан біз қолдан келгенін аямауымыз қажет,-дейді Жаслан есімді жазасын өтеуші.
Қорғаныш костюмдері түрлі маталардың қосындысынан тігілгендіктен ылғал мен су өткізбейтін қасиетке ие.
Қазір мұнда барлығы екі ауысыммен 150 адам жұмысқа тұрған. Олар карантин уақытында бірнеше рет қолдануға арналған маскалар мен қорғаныш комбинезондарын тігуді бастады. Жұмыс қарқынды жалғасуда.
Бүгінде бүкіл әлем қиын сәттерді бастан кешіруде. Дәрігерлердің барлығы өз өмірлерін тәуекелге тіге отырып, науқастарды емдеу үшін күндіз-түні еңбектенуде. Біз ЕЦ-166/24 түзету мекемесінде құры қарап жатпай, дәрігерлерге қолдау ретінде қорғаныш құралдарын дайындап берсек дейміз,-дейді жазасын өтеуші Кирилл есімді азамат.
Бүгінде «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Көкшетау филиалы тағы 25 мың дана маска мен мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарға орнатылатын дезинфеция тоннелдерін жасауға кірісіп жатыр.
Пандемия уақытында жазасын өтеуші жұмыскерлер 40 мыңға жуық бірнеше рет қолдануға арналған маска мен 500-ге жуық қорғаныш комбинезондарын тікті. Бұл жасалған жұмыстар медициналық мекемелер мен дәріхана жүйелеріне жеткізілді. Қазіргі кезде мұндай қорғаныш киімдерін полицейлер мен әкімшілік қызметкерлері де қолдануда.
Түзету мекемесіне түскен тапсырыстардың нәтижесінде сотталғандардың біразы жұмысқа тұруда.