Облыстағы эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты Ақмола облысында сотталушылар вирустан қорғануға арналған арнайы костюмдер тіге бастады, – деп хабарлайды «Aqmola News». Бұл туралы Ақмола облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті мәлім етті.
Жазасын өтеушілер коронавирус инфекциясының одан әрі таралуының алдын алу үшін арнайы костюмдер мен медициналық бетперделерді тігуді жөн деп тауыпты.
Тігін жұмыстары Ақмола облысының ЕЦ-166/24 түзеу мекемесінде жүзеге асырылуда.
«Елге індет қаупі төнгенде біз де қалыс қалғымыз келмейді. Біздің де ата-анамыздың, отбасымыз бен бала-шағаларымыздың аман болуын тілейміз. Олардың әрқайсысы қиын-қыстау заманда қолдауды қажет етеді. Осындағы кәсіпорында біз қорғаныс костюмдері мен медициналық бетперделер тігудеміз, – дейді жазасын өтеуші Жаслан.
Қорғаныс киімдері су өткізбейтін материалдан тігілген. Сондай-ақ, аса қауіпті вирус жұқтырған адамдармен қатынаста қорғанысты қамтамасыз ете алады. Жалпы пандемия басталғалы беру Ақмола облысының сотталушылары 200 мыңнан астам медциналық бетперделер мен бес жүзге тарта қорғаныс костюмдерін тігіп шыққан. Олар Ақмола облысының медициналық мекемелері мен дәріханалар желісіне, облыстың полиция қызметкерлеріне берілген.