Облыстың бизнес бастап, кәсіп көзін ашқысы келетін азаматтар карантин шараларына байланысты «Бастау» жобасы бойынша онлайн түрде оқи бастады. Бизнестің қыр-сырына үйрететін оқыту курстарының ұйымдастырылып жатқаны туралы «Атамекен» ҰКП Ақмола облыстық филиалынан мәлім етті. Қашықтан оқу «Atameken Academy» онлайн платформасы арқылы жүзеге асырылмақ, – деп хабарлайды «Aqmola News» тілшісі.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Ұйымдастырушылар жобаға жұмыспен қамту орталығына тіркеуден өтпеген жұмыссыз адамдар да, ауылды жерлерде және шағын қалаларда тұратын адамдар да қатыса алатынын жеткізді.
Бағдарламаға сәйкес егер денсаулығы на қауіп төнбеген жағдайда және медициналық қорытындымен еңбекке жарамды мүгедек адамдар, елу жастан асқан зейнет жасына дейінгі адамдар, көп балалы және тұрмыс жағдайы төмен отбасылар, 18 жастан 29 жасқа дейінгі жастар, зейнет жасына толмаған ауыл шаруашылық кооперативтері , шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтардың мүшелері қатысуға мүмкіндігі бар. Жобаға қатысу үшін олар халықты жұмыспен қамту орталықтарына жеке төлқұжатын ұсынып, өтінім беруі қажет. Тіпті үйден шықпастан https://atameken.co/ru/course-bastau сілтемесімен онлайн түрде өтінім беруге де болады, – дейді «Атамекен» ҰКП Ақмола облыстық филиалының директоры Ақылбек Смағұлов.
Кәсіпкерлік палатасы филиалының бөлім басшысы Анар Саниеваның айтуынша, бүгінде облыс бойынша онлайн оқытудан 160 адам өткен.
«Жалпы жоспарға сәйкес биыл 1350 адамды бизнес көздерін ашуға оқытуды көздеп отырмыз. Ауыл шаруашылығын қолдау қоры, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арылы жобаны қаржыландыру үшін 2,9 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 200 айлық көрсеткішке дейін 600 -ден астам грант бөлу қарастырылған», – дейді Анар Сәниева.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше өткен жылы 4030 адам «Бастау» бағдарламасымен оқытылған. Оның сексен пайызы жұмыссыздар болса, жиырма пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болған. Бизнес ашуға ниеттенген 1938 түлек «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде гранттарға ие болып, сонымен қатар жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен түрлі қаржылық институттардан жеңілдетілген несие алған.
«Өткен жылдардағы тәжірибе «Бастау» жобасының ақмолалықтар үшін аса қажеттігін айқындап берді. Жоба тек ауылдағы ағайын мен қатар қаладағы екі қолға бір күрек таба алмаған тұрғындардың кәсіп бастауына жол ашты. Биыл карантиндік шектеулерге байланысты жоба онлайн түрде жүзеге асырылып отыр. Біз облыс бойынша аудандардың әрбір ауылдық округтары бойынша мобильді және сымды интернет желісінің сапасы мен жылдамдығына мониторинг жүргіздік. Мұнымен қоса, жобаны тыңдаушылармен алдағы уақытта ынтымақтастық жасап, кәсіпорындармен байланыс орнату үшін маркетингтік зерттеу өткізілді, – дейді Анар Сәниева.
Кәсіп көзін табамын деген ақмолалық тұрғындарға онлайн оқыту одан әрі жалғасуда.