Облыс әкімі өңірлік жедел штабтың кезекті жиынында коронавирус инфекциясынан емдеу орындарын көбейту және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге тапсырма берді, – деп хабарлайды «Aqmola News».
Жиналыс барысында алдымен Көкшетау қаласынан шығатын күрежолдарда орналасқан блок-бекеттердегі көлік ағыны мәселесі қаралды. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде облыс орталығына кіріп-шығу үшін ұзынсонар кезек қалыптасқан.
Блок-бекеттерде қызмет көрсетуші полицейлердің санын ұлғайтуды тапсырамын. Олар барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілуі тиіс. Көкшетауды халық тұтынатын тауарлармен қамтамасыз ететін компанияларды stopcorona.kz сайтына тіркеуді жүргізу қажет. Өткен карантин кезіндегі тәжірибе көрсеткендей көліктер ағыны алғашқы үш тәулікте реттеледі, – деді Ермек Маржықпаев.
Одан әрі облыс аудандары мен қалаларының дәрі-дәрмек және антисептикалық құралдармен қамтамасыз етілуі мен емдеу мекемелерінде қосымша резервтік кереует-орындардың қажеттілігі жайы сөз болды.
Коронавирус инфекциясына байланысты қалыптасқан жағдайды ескере отырып, барлық карантин шараларын сақтауға қажетті істерді бақылауға алу қажет. Емдеу мекемелерінде орын жетіспеушілігін болдырмас үшін резервті кереует орындар әзірлеуді тапсырамын, – деді облыс әкімі.
Тиісті мекемелер мен органдар барлық қажетті шараларға жұмылдырылып, істі бақылауға алатын болды.