Көкшетауда травматикалық тапаншамен оқ атылып бір адам жарақаттанды, – деп хабарлайды «Aqmola news» Ақмола облысының полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қабырғасына оқ тиген жігіт Ақмола облыстық ауруханасына түскен.
Осы жылдың 19 маусымында Көкшетау қалалық полиция басқармасына облыстық көпбейінді аурухананың қабылдау бөліміне қабырға тұсынан оқ тиіп жарақаттанған ер адамның түскені жайлы хабарлама түсті. Дереу емдеу мекемесіне жедел-тергеу тобы аттанды. Жәбірленушінің айтуынша жергілікті дүкендердің бірінде таңғы бестер шамасында танысымен сөзге келіп, даудың арты тапаншадан оқ атуға себеп болған. Дәл осы күні жүргізілген жедел іздестіру шаралары барысында жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының көмегімен күдікті азамат қолға түсті. Ол Солтүстік Қазақстан облысының 33 жасар тұрғыны болып шықты, – деді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әсем Әбдірахманова.
Қазір аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 293 бабының 3 тармағы «бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жарақат салған тапанша тәркіленіп алынды. Күдікті уақытша оқшаулау орнына қамауға алынған.