Облыста ҰБТ ұйымдастыру 21 мамырдан 30 маусымға дейін жоспарланған. Тестілеу кезінде барлық санитарлық талаптар сақталуына назар аударылуда, – деп хабарлайды «Aqmola News».
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Ақмола облысында биыл 4515 оқушы мектеп бітірген. Ұлттық Бірыңғай тестілеуге 3718 түлек өтініш білдіріпті. Тест қабылдау бекетерінің үшеуі Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Онда Аршалы, Қорғалжын және Целиноград аудандарының балалары тест тапсырмақ.
Тестілеудің алғашқы күні Есіл қаласындағы №3 орта мектебі мен Степногорск қаласының №6 орта мектебінде ұйымдастырылған. Жалпы қатысуы тиіс болған 188 түлектің 184-і тапсырды. Тестілеу кезінде ұялы телефон мен шпаргалка қолданған бір түлек тестілеуге жіберілмеді.
Бүгін тестілеудің екінші күні бес тестілеу бекетінде ҰТБ-ға қатысуы тиіс 383 түлектің 366 -ы қатысуда.
Облыста биылғы тестілеудің тәртібі мен өзгерістері жайлы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барлық әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы жеткізілді.
ҰБТ-ді өткізу кезінде қауіпсіздік шараларына аса мән берілді. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларынан шыққан түлектеге барлық санитарлық талаптар сақтала отырып тасымалдау ұйымдастырылды. Жалпы қабылдау бекеттері зарарсыздандыру тоннелдері, санитарлық және дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілген. Барлық түлектерге тестілеуге кіру кезінде маскалар таратылып, өту кезінде зарарсыздандыру шаралары ұйымдастырылуда.
ҰБТ қабылдау бекеттерінде түлектердің арасындағы 2 метр арақашықтық сақталып, арнайы бөгет ленталары қойылған. Мұнымен қоса медициналық бекеттер мен жедел жәрдем жұмысы тестілеуді тікелей бақылауға алған. Полиция департаментімен қоғамдық тәртіпті қадағалау жасалып, балалардың ата-аналары мен мұғалімдерінің кіруіне шектеу қойылды. Барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталды.
Жалпы Ақмола облысында ҰБТ-ді 30 маусымға дейін 10 күн ішінде өткізу жоспарланған.