22-маусым медицина қызметкерлері күні. Бүгінде халық денсаулығына жіті көңіл бөлініп, өңір ауруханалары алдыңғы қатарлы медициналық жабдықтармен толықтырылуда,-деп хабарлайды «Aqmola News».
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың пандемия кезіндегі қажырлы еңбектері үшін алғыс білдірді.
Құрметті денсаулық сақтау қызметкерлері мен ардагерлері!
Баршаңыз кәсіби мерекелеріңіз – Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен шыққан ең ізгі құттықтауымды қабыл алыңыздар! Сіздердің әрқайсыңыз өз өмірлеріңізді жер бетіндегі ізгілікті іс – халықтың денсаулығын сақтау ісіне арнадыңыздар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт денсаулығын қамтамасыз етуді басым бағыттардың бірі ретінде атап көрсетті. COVID-19 дертімен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлерін ынталандыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен 532 миллион теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ, осы мақсат үшін облыстық бюджеттен 80 миллион теңге қаржы бөлдік.
Қазіргі аса күрделі кезеңде облысымыздың дәрігерлері қайырымдылық пен жанашырлықтың үлгісін көрсете жүріп, азаматтарымыздың денсаулығын сақтау үшін COVID-19 дертінің аймағымызға таралу қаупіне тоқсауыл қою жолында жанқиярлықпен еңбек етуде. Алғы шепте жүрген, тәулік бойы және мереке күндері өз жұмыс учаскесінде еңбек етіп келе жатқан барлық медициналық қызметкерлерге зор алғыс сезімімді білдіремін. Денсаулық сақтау саласына бүгінде ерекше көңіл бөлінуде,-деп атап өтті өңір басшысы.
2020 жылы Көкшетау қаласында 150 орындық онкологиялық емхана, сондай-ақ, Степной және Софиевка селоларында дәрігерлік амбулатория, Қосшыда 630 орындық емхана салынбақ. «Ауыл – ел бесігі» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламаларының шеңберінде көптеген аудандарда денсаулық сақтау нысандары жаңғыртылуда.
Сіздер – отандық медицина саласының негізін қалаушыларсыздар, Ақмола облысының денсаулық сақтау саласын дамытуға орасан зор үлестеріңізді қостыңыздар және әлі де қосып келесіздер. Сіздер негізін салған тамаша дәстүрлер тәжірибе мен осы заманғы білімге ұштастырыла отырып, біздің аймақтың алдында тұрған үлкен міндеттерді шешуге елеулі ықпалын тигізіп отыр,-деді Ермек Маржықпаев.
Соңғы үш жылдың ішінде денсаулық саласының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтылып, облыстың денсаулық сақтау мекемелеріне 5,1 миллиард теңге қаржы бағытталды, оның ішінде биылғы жылы 216 дана медициналық құрал-жабдық сатып алу үшін 1,7 миллиард теңге бөлінді. Сонымен бірге, коронавирус жұқпасына қарсы күреске жергілікті атқарушы органның төтенше жағдай резервінен 365 дана медициналық құрылғы сатып алу үшін 563 миллион теңге қаржы бөлініп отыр.
Барлық медициналық қызметкерлерге зор құрметімді білдіре отырып, сіздердің ауыр да жауапты еңбектеріңіз, өздеріңіз таңдаған мамандықтарыңызға деген адалдықтарыңыз, әрбір ақмолалықтардың өміріне қосып келе жатқан баға жеткізгісіз үлестеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін,-деп аяқтады құттықтау сөзін аймақ басшысы.
Жыл сайын медицина қызметкерлерінің еңбекақысы өсіп келеді, айталық 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап дәрігерлердің орташа айлық жалақысы 30 пайызға өсті. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында облыс орталығындағы Сарыарқа шағын ауданында дәрігерлерге арналған 40 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жоспарлануда.