Агро өнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын және еңбек өнімділігін екі жарым есе ұлғайту көзделген. Ақмолалық шаруалар белгіленген межені орындауда аянбай еңбектеніп келеді,-деп хабарлайды «Aqmola News».
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте облыстық ауылшаруашылығы басқармасының жетекшісі Димаш Таласбаев ірі аграрлық аймақтағы өзгерістерге тоқталды.
Спикердің айтуынша, бұл салада бірқатар алға жылжушылықтар пайда болған.
Мәселен, өткен үш жылда мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен 108,8 миллиард теңге бөлініп, алдыңғы қатарлы технологияның арқасында өнімдердің барлық түрлері шығарыла бастаған. Орташа жылдық астық өндірісі 5,0 тоннаға жетсе, экспрорт көлемі 1,8 тоннаға ұлғайған.
Мамандар соңғы жылдары суармалы жерлердің де көлемі 24 мың гектарға кеңейтілген деп отыр.
Өнім өндірісін арттырудың басым бағыттарының бірі цифрландыру және нақты технологиялар болып табылады. Жерді тиімді пайдалану мақсатында өңірде егістіктің электронды картасына шамамен 6 миллион гектар жер енгізіліп, цифрлық форматқа ауыстырылды. Сонымен қатар екі жыл бұрын пилоттық жоба аясында өңірдің үш шаруашылығында нақты технологияның элемементтері енгізілді. Бүгінде жақсы нәтиже көрсеткіштердің арқасында, 106 ауылшаруашылық құрылымы оны қолдануда. Мемлекеттік бағдарламалардың қорытындысында тағы 194 шаруашылыққа жерді тиімді қолданудың нақты элементтерін енгізу жоспарланған,-деп атап өтті Таласбаев өз сөзінде.
Жаздық егіс 4,9 миллион гектар жерге себіліп, оның астық және бұршақ дақылдары 4,4 миллион гектарға, майлы дақылдар 254 мың гектарға, жем-шөп 190,6 мың гектарға егілді.
Ал, картоп 15,7 гектарға, көкөністер 3,5 гектарға отырғызылды.