Үйден шығып кеткен екі адам да қайтып оралмаған. Қазіргі уақытта қайда жүргені белгісіз күйде қалып отыр, – деп хабарлайды «Aqmola news» Ақмола облысының полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алғашқы оқиға Көкшетау қаласында болды. Осы жылдың 10 маусымында Көкшетау қалалық полиция басқармасына хабарласқан қала тұрғыны Қарлығаш Ахметжанова 43 жастағы сіңлісінің із-түзсіз жоғалып кеткенін айтып шағымданған. Ол 2 маусым күні әпкесінің үйінен шығып, содан мүлде байланысқа шықпаған. Алғашқыда өз күштерімен іздеген туыстары қайыр болмаған соң полицияға жүгінген. Қазіргі уақытта Қарлығаштың қайда екені белгісіз. Тергеу барысында Қарлығаш Ахметжанованың мамыр айында әпкесімен бірге тұрғаны анықталды. Наркологиялық және психоневрологиялық диспансерлерде тізімде болмаған. Қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Үйден шыққан кезде қара түсті футболка, көк джинсы шалбар, киген. Бойы шамамен 155-160 сантиметр болған. Сондай-ақ, Целиноград ауданының Қоянды ауылының 21 жастағы тұрғыны да 31 мамыр күні кешкі алты жарымдар шамасында үйінен шығып, қайтып оралмаған. Хайрат Медеттің жоғалғаны туралы 54 жастағы Қоянды тұрғыны 11 маусым күні Целиноград аудандық полиция бөліміне хабарласыпты. Бойы 165-170 сантиметр сырт келбеті азиялықтарға тән, дене тұрқы жұқалтаң, ақшылт жүзді жігіттің қазір қайда екені белгісіз. Үйден шыққан кезде қызыл түсті футболка, сары түсті шолақ шалбар және күңгірт түсті крассовка киген. Екі факті бойынша да жедел тергеу тобы құрылып, көршілері мен туысқандарынан сұрастырылып жатыр. Куәгерлерден жауап алынды. Жоғалған адамдарды іздеуге полиция департаментінің барлық жеке құрамы жұмылдырылыпты.- деді Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әсем Әбдірахманова.
Полиция із-түзсіз жоғалған адамдар туралы қандай да бір мәлімет білген адамдар болса 102 арнайы желісіне хабарласуды сұрайды