Ақмола облысында аға буын адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған “Белсенді ұзақ өмір“ ұлттық жоспарының жобасы талқылануда, деп хабарлайды «Aqmola news» Ақмола облысының ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.
Іс-шаралар жоспарының аясында еліміздің барлық аймақтарында Белсенді ұзақ өмір орталықтарының ашу көзделген. Орталықта егде адамдар ағылшын тілін оқып үйрене алады, сондай-ақ компьютерлік сауаттылық курстарын өтіп, емдік дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндік алмақ. Бұл өз кезегінде егде адамдардың да қоғам өміріне белсене араласуына жағдай туғызуы тиіс, – дейді ұйымдастырушылар.
Әзірше бұндай орталықтар еліміздің тек бірнеше қаласында ғана жұмыс істеп жатыр.
Ақмола облысында 2017 жылдан бастап зейнеткерлерге арналған «Өмір» отбасылық тәрбие клубы қамқорлық көрсетуде.
– Біз 20 адамнан бастадық, бірақ спортпен айналысқысы келетіндердің саны күн сайын артып келеді. Былтыр 200 – ге жуық қарт адам болған, биыл ниет білдірушілер саны жылдан-жылға артып келеді, – дейді «Өмір» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Юлия Сарсекеева.
– Біздің орталықта қарт адамдарға түрлі қызметтер мен демалыс түрлерін ұсынамыз. Дәрігерлердің пайдалы кеңестері, массаж, ине шаншу, психологтармен әңгімелесу, денсаулықты қалыпты күйде сақтау үшін бассейн мен йога жаттығулары да бар. Өкінішке орай, әзірге біздің клубқа бару карантин шараларына байланысты шектелген. Дегенмен, жақын арада сабақтар жаңартылып, біз тағы да қызықты идеяларды жүзеге асыра аламыз деп үміттенеміз, – дейді ол.
Отбасылық тәрбие клубында қарт адамдар қолөнер, музыка және бимен айналыса алады. Сондай-ақ, дәрісханаларға, қазақ және ағылшын тілдері сабақтарына, театр үйірмесіне қатысауға мүмкіндігі бар. Орталық қарияларды мұражайларға, театрларға, көрмелерге, киноға баруды ұйымдастырады, мерекелер өткізеді. Сонымен қатар, аға буын адамдарын мессенджерлер мен әлеуметтік желілерді смартфондарда пайдалануға үйретеді.
Барлық қызметтер мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде клубта отбасылық тәрбиелеу зейнеткерлерге тегін көрсетілмек.
Сарапшылар «Белсенді ұзақ өмір» орталықтарының тұтас ел аумағында қамтылуы дер кезінде атқарылған игі шара екенін айтуда. Жобаның қажеттілігін облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы да құптады.
Төтенше жағдай кезінде егде адамдар қоғамның ең әлжуаз тобы екенін мойындаған жөн. Әсіресе жалғызбасты қорғансыз қалған адамдар қоғамнан зор жауапкершілік пен қамқорлықты қажет етеді. Сондықтан қарт адамдарға барынша қолдау көрсету төтенше жағдай кезінде басты міндетіміздің бірі болуы тиіс, – деді Дина Ахметжанова.