Атбасарда аудан орталығының 175 жылдық мерейтойына орай қала жолдары күрделі жөндеуден өтуде, – деп хабарлайды «Aqmola news» Атбасар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тарихы тереңге кеткен Атбасар қаласының іргесі сонау 1845 жылы қаланған. Биыл 175 жылдық мерейтойына орай аудан орталығын көркейту қолға алынған. Коронавирус инфекциясы жұмысқа елеулі кедергі келтіргенімен, қала көшелері біршама түзелген. Тұрғындар да жаңаша түрге бөленген орталық алаңда серуендеуді әдетке айналдырыпты.
Барлық жұмыстар «Жұмыспен қамту жол картасы -2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Бағдарлама шеңберінде Ирченко, Қошқарбаев, вокзал маңы аумағы, Майкөтов, Уәлиханов, Островский, Қошанбаев, Шмидт, Нұрсейітов, Есенберлин, Урицкий, Мұқышев, Әуезов, Қанай би, Қуанышев, Ағыбай батыр және Луки Белаш көшелерінде жөндеу жүргізілмек. Қала көшелері мен қатар жаяулар жүретін тротуарлар да жаңартылады. Бүгіндері Уәлиханов, Островский, және Қошанбаев көшелерінде жұмыстар жүргізілуде. Жұмысшылар көлік жолдарына асфальт төсеп, кейін тротуарларға да кірісетін болады, – дейді Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов.
Жол жөндеу жұмыстары тамыз айында аяқталмақ. Жол жөндеушілердің жұмысын жергілікті тұрғындар, партиялықтар және техникалық қадағалау мамандарынан құрылған арнайы комиссия бақылауға алған.