Республика Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды. Осыған байланысты Ақмола облысы еңбек инспекциясы басқармасының жетекшісі Берік Мустафин аталған заңға қатысты түсіндіру брифингін өткізді,-деп хабарлайды «Aqmola News».
Спикердің айтуынша, Еңбек кодексіне еңбектегі қарым-қатынас пен серіктестікті және еңбек қауіпсіздігін реттеу бойынша бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілген.
Аталған Заң еңбек шарттарын жасау және есепке алу процесін автаматтандырады. Сонымен қатар «Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесін» қалыптастырады.
Қарапайым тілмен айтқанда жұмыс беруші мен жұмыс істеуші арасындағы заңдылықтарды реттеуге, қарым-қатынысты нығайта түсуге бағытталған.
Өңірде жыл басынан бері 1552 кәсіпорын интеграциядан өткен. 75 139 еңбек келісімшарты жасалған.
Спикер еңбек әлемінде әсіресе, шетелдік жұмысшыларын кемсітушілік мәселелері орын алатынын айтып өтті. Осыған байланысты бұл заңда кез-келген жұмысшының құқығын қорғау мен тең жағдайда жұмыс істеу міндеттемелері көрсетілген.
Өткен жылы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Бас прокуратура бірлесіп шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарға тексеріс жүргізді. Нәтижесінде 1008 еңбек және көші қон заңнамасын бұзу фактілері анықталып,оның ішінде 27 кәсіпорында 479 еңбек ақы теңгерімсіздігі фактісі тіркелген. 397 әкімшілік іс қозғалып, 63 ескерту мен 98 миллион теңгені құрайтын 334 айыппұл салынды,-дейді Берік Мұстафин.
Брифингте Ақмолада да жалақаның теңгерімсіздігі фактісі тіркелгендігі белгілі болды. Жалақыны аз төлеу жағдайлары анықталған кәсіпорындарға тиісті әкімшілік жауапкершіліктер артылған.
Сонымен қатар бұл заңда әскери қызметке шақыртылған тұлғалардың жұмыс орны сақталатындығы, тек жалақысы сақталмайтын еңбек демалысы берілетіндігі көрсетілген.
Қабылданған Заңда зиянды өндіріс орнынан ауыстырылған жүкті әйелдің бұрынғы жұмысы бойынша алған жалақысынан төмен емес жалақы төлеу қажеттігі көрсетілген.
Егер отбасында науқас адам болса, оның күтімі үшін жұмыс беруші жұмыс күнінің жарты режимін ғана орнатуға міндетті делінген.
Майра Қуанышқызы.