Ақмола облысында шомылу маусымы басталмай жатып 4 адам суға кеткен. Оқиғалар Есіл, Нұра, Қоскөл, Ақкөлде орын алған. Екеуі балық аулау кезінде, екеуі шомылу кезінде қайтыс болған,-деп хабарлайды «Aqmola News».
Бұл туралы арнайы брифингте ТЖД бастығы Алексей Советов айтты.
Өткен жылы барлығы 22 адам суға тұншығып мерт болған. Олардың 7-і жасөспірім. Былтыр суға түсу маусымы кезінде 127 адамды Төтеншеліктер құтқарып қалған.
Өңірде демалуға және балық аулауға арналған 754 тоған бар.
Қазіргі уақытта Төтеншеліктер шомылу маусымына дайындық жасауда. Бүгінде оқыс оқиғалар үшін 61 кәсіби құтқарушы дайын тұр.Сонымен қатар Бурабай, Зеренді, Қопа, Щучье көлдерінің маңайында 4 судан құтқару бөлімшелері жұмыс істейді. Барлық техникалар да сақадай сай тұр.
Көлдерде барлығы 293 «Шомылуға тиым салынады» белгілері қойылды.
Судағы өлімді болдырмау мақсатында ТЖД әкімдіктермен бірлесіп, прафилактикалық шараларды жүргізеді.
13 сәуірде облыс әкімінің «Шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету» қаулысы шықты. Осыған байланысты барлық аудандарда әкімшіліктермен отырыстар өткізілді.
Майра Қуанышқызы.