Ақмолада Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің келісімімен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Дара – Абай, Дана – Абай» атты жазба ақындарының республикалық онлайн-айтысы жарияланды. Шараны Ақмола облысының мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы, облыстық халық шығармашылық орталығы мен мәдени демалыс орталығы ұйымдастырмақ, – деп хабарлайды «Aqmola news».
Бұл туралы Ақмола облысының халық шығармашылық орталығы мәлім етті.
Айтысқа Қазақстанның барлық өңірлерінен жазба ақындар және айтыскерлер қатыса алады. Жасқа шектеу қойылмайды. Сөз сайысы үш кезеңнен тұрады: іріктеу кезеңі – мамыр-маусым айлары, жартылай кезең – шілде айы, ақтық мәре – тамыз айында. Ақындар әлеуметтік желі парақшасында өзара онлайн айтысып, бір-біріне бір тәулік ішінде жауап беруі шарт. Егер әлдебіреуі уақытынан кешігіп, жауапсыз қалған жағдайда жеңілген болып есептеледі. Бұл айтыстар халық шығармашылығы орталығының сайтында және Facebook, Instagram парақшаларында жарияланып тұрады, ұнатқан ақынына оқырмандар өз дауысын беріп, пікір білдіре алады. Әр жұптың айтысы 4 кезектен аспауы керек. Сапасыз немесе әдепке қайшы жазылған сөздерге жол берілмейді, – деді облыстық халық шығармашылық орталығының баспасөз қызметінен.
Қазылар алқасының құрамына есімі елге белгілі ақын-жазушылар мен сыншылар кірмек. Онлайн айтыс қорытындысы жазба және айтыс ақындарының қатысуымен тамыз айында ұйымдастырылмақ.
Кешке абайтанушы ғалымдар, ақындар мен өнер қайраткерлері қатыспақ. Байқауға қатысуға өтінім осы жылдың 31 мамырына дейін қабылданады. Өтінімді бекітілген үлгіге сәйкес ocnt.kokshetau@mail.kz және almas.1979@mail.ru электронды пошталарымен қабылданады. Ұйымдастыру алқасының атынан сөз сайысы жеңімпаздарына қомақты қаржы тағайындалып отыр, – деді «Қазақстан жазушылары одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Алмас Темірбай.
Айтыста жүлделі орындардан бөлек Зілғара шешен Байтоқаұлы, Орынбай Бертағұлы атындағы арнайы жүлделер мен әлеуметтік желі арқылы ең көп дауыс жинаған ақынға «Үздік ақын» жүлделері ұсынылмақ.