Ақмолада 2020-2025 білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес үш ауысымды оқыту мәселесі толықтай шешіледі. Бұл туралы Ақмола облысының білім беру басқармасынан мәлім етті, – деп хабарлайды «Aqmola news».
Басқарманың мәліметінше 2016-2019 жылға мемлекеттік бағдарламаларда көрсетілген мақсаттар мен міндеттер толықтай орындалды.
Үш жылдың ішінде облыста 58 мектепке дейінгі білім беру нысандары ашылды. Бұл мектепке дейінгі білім беру мәселесін 100 пайызға қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, мектептерде үш ауысымды оқытуды жою да кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Алдағы үш жылда аталған жағдайды жаңа мектептер мен қосымша оқыту корпустарын салу есебінен шешетін боламыз, – деді Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов.
Өңірде сонымен қатар білім беру нысандарына жөндеу жұмыстарын ұйымдастыруға да баса назар аударылуда. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша білім беру нысандарына соңғы жылдардағы ең ірі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Барлығы 127 жоба жүзеге асырылмақ. Оның ішінде 9 нысанға құрылысы қайта жаңартылса, 29 білім беру орнына күрделі жөндеу жасалып, 89 мекемеге ағымдағы жөндеуден өтпек. Қазіргі таңда 103 жоба бойынша мердігерлер мен келісімшарт жасалған. Қалған 24 нысан бойынша конкурстық рәсімдер аяқталуға таяу. Мұнымен қоса «Ауыл бесігі» жобасы бойынша 7 білім беру мекемелерінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Жалпы аталған жобаларды жүзеге асыру шеңберінде өңірде 3,2 мың. жаңа жұмыс орындары құрылып, оның ішінде 1,6 мың. адам жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыспен қамтылады.