Кеше 9 мамырда Түркияның Стамбул қаласынан елдің 18 өңірі мен 2 қаласындағы Қазақстан студенттері мен азаматтары «Стамбул-Көкшетау» әуе рейсімен жеткізілді. Бұл туралы Ақмола облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мәлім етті, – деп хабарлайды «Aqmola news».
Осыған дейін 20 сәуірде Көкшетау әуежайына «Минск-Көкшетау» әуе рейсімен еліміздің 40 азаматы келгенін хабарлағанбыз. Түркиядан келген азаматтар анализ өткізу кезеңінде «Бурабай» облыстық балалар оңалту орталығына орналастырылды.
Біз алдын ала алынған тізім бойынша Түркиядан келген азаматтарды Бурабай курортындағы карантиндік стационарларға бөліп орналастыруға мүмкіндік алдық. Бұл жолы екі күндік анализ тапсыру кезінде 36 адамды «Жұлдыз» мектеп-интернатына, 36 адамды «Көкше» облыстық оңалту орталығына, 152 адамды «Звездный» балаларды сауықтыру орталығына орналастырдық. Арнайы операцияға қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасынан 8 автобус, 5 жедел жәрдем көлігі мен әуе лайнерін дезинфекциялау үшін 1 бригада мамандар жұмылдырылды. Бұл орайда төтенше жағдайлар және өрт сөндіру мамандарының, сондай-ақ полиция қызметкелерінің колонна ұйымдастырып, қауіпсіздікті қамтамасыз еткенін атап өткен жөн. Барлық шара облыс әкімдігінің тікелей бақылауында болды, – деді Ақмола облысының бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина.
Департамент мамандары санитарлық қызметтегі әріптестерімен бірге барлық жолаушылардың дене қызуын өлшеп, студенттер мен азаматтардың жүктерін тиеп, екі күндік карантинге оқшаулау орнына жеткізуді ұйымдастырды. Қазіргі сәтте COVID-19 вирусына жасалған барлық сынамалар теріс нәтиже көрсеткені белгілі болды. Азаматтарды өз тұрғылықты жерлеріне жеткізу ұйымдастырылмақ.