Көкшетау қаласын Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына әзірлеу жұмыстары кеңінен атқарылуда. Қаланың әуежайын талапқа сай ету үшін де күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған, – деп хабарлайды «Aqmola news» Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазір әуежайға баратын жолдарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарыжүргізілуде. Аталған мақсатта 13 миллион теңге қаражат бөлінген. Сондай-ақ, әуежай аумағында орналасқан қонақжай үйін жаңғырту үшін 150 миллион теңге сомасында қаражат бөлініп, қазір жөндеу жұмыстары басталып та кеткен.
Жұмыс сапарымен әуежайға барған облыс әкімі Ермек Маржықпаев мердігер компанияларға нақты тапсырмалар берді.
Қайта құру жұмыстарын жүргізгеннен кейін мұнда жаздық бригадалар жайлы жағдайда тұратын болады. Форумды өткізу кезінде нөмірлер қорын пайдаланатын боламыз. Мердігердің міндеті жөндеу жұмыстарын сапалы және заманауи стильде жасауы тиіс. Әуежай толық күшінде жұмысын жалғастыруы қажет. Әуе рейстері санын арттыру, оның ішінде халықаралық әуе қатынасын кеңейтетін боламыз, – деді Ермек Маржықпаев.