Ақмола облысы Біржан сал ауданында «Прогресс» шаруа қожалығы жылыжайда құлпынай өсіруде. Эксперимент түрінде шаруасына кіріскен кәсіпкер биыл 5 тоннаға дейін құлпынай өнімін нарыққа шығармақ, – деп хабарлайды «Aqmola news» Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шаруа қожалығы жылыжайда құлпынай өсіруді былтырғы жылы бастаған.
Жас көшеттерді Италиядан қатырылған күйде әкелдік. Өткен жылы шілде айында көшеттерді отырғыза бастадық. Бірақ көшеттердің кеңінен тамыр жаюы үшін өнімін алған жоқпыз. Дәмін татып көрдік, тіл үйіреді. Биыл мамыр айының ортасына таман алғашқы өнім алуды жоспарлап отырмыз. Нарыққа шығару жолдарын да қарастырып қойдық. Нұр-Сұлтан қаласында ірі дүкендер желісімен келісіп қойдым. Біздің құлпынайдың өз қаптамалары болады, – деді «Прогресс» шаруа қожалығының басшысы.
Кәсіпкердің айтуынша құлпынай экспериментті әдіспен өсуде. Шаруа қожалығы жылыжайдағы 7 мың түп көшеттен 5 тонна шамасында өнім алуды көздеп отыр.
Жаңа жылыжайдағы құлпынай көшеттерінің өсу барысын көзімен көрген облыс әкімі Ермек Маржықпаев, кәсіпкерге қолдау көрсетуге уәде берді.
Өкінішке орай әзірге осылай жылыжайда құлпынай өсіру біздің өңірде болған емес. Дегенмен, Степногорск қаласында, Целиноград аудандарында көкөніс өнімдері жолға қойылған. Әрине, көкөніс саласы облыста аса маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан қолдан келгенше «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» сияқты бағдарламалардың көмегімен қолдау көрсететін боламыз, – деді Ермек Маржықпаев.