Елорда айналасында азық-түлік белдеуін құру шеңберінде Ақмола облысы Нұр-Сұлтан қаласына азық-түлік өнімдерін жеткізу көлемін арттырды. Атап айтқанда, 7,2 мың. тонна ет, 14,3 мың. тонна сүт өнімдері, 67,2 миллион дана жұмыртқа Елордаға жеткізілген, – деп хабарлайды «Aqmola news» Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңірде төтенше жағдай режиміне қарамастан азық-түлік өндірісі ұлғайған. Мәселен шұжық өнімдері 22,3 пайызға, өсімдік майы өндірісі 36,6 пайызға, өңделген сүт 8,1 пайызға, ет өндірісі 32,8 пайызға ұлғайғаны анықталды. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен селекторлық жиналыс барысында аталған мәліметтерді экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше облыста азық-түлік өнімдеріне тұтынушылық баға біршама көтерілген. Мәселен, картоп 20,5 пайызға, қант 11,6 пайызға, орамжапырақ 8,3 пайызға, сәбіз 9 пайызға, сиыр еті 8,1 пайызға, сарымай 2,3 пайызға, қарақұмық жармасы 2,4 пайызға, 1 сұрыпты нан 3,2 пайызға өскен.
Облыс әкімі азық-түлік өнімдеріне бағаның өсуіне жол бермеу қажеттігін ескертті.
Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына негізсіз бағаның көтерілуіне жол бермеу бойынша жұмыстарды жалғастыру қажет. Көп балалы, әлеуметтік аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларды толығымен әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етуге мән берілуі тиіс. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына аудан және қала әкімдіктерімен бірлесіп, ана мен бала өлімін төмендетуді, онкологиялық және басқа да ауруларды ертерек анықтауды, сонымен қатар дәрігер кадрларының тапшылығын төмендетуді тапсырамын, – деді Ермек Маржықпаев.
Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына инфляция деңгейі 102,6 пайызды құрады.
Ауыл шаруашылығында ішкі жалпы өнім көлемі 38 миллиард теңгені құрап елімізде 5 орынға тұрақтаған. Көктемгі егіс жұмыстарын өткізуге Үкіметтен 68 мың тонна көлемінде кепілдендірілген жанармай бөлінгені аталып өтті .