Көкшетауда 20 сәуірден бастап елімізде алғашқылардың бірі болып кез-келген адам коронавирус инфекциясына тест тапсыра алатын зертхана ашылмақ. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапары барысында зертхананың емделушілерді қабылдауға әзірлігін байқады, – деп хабарлайды «Aqmola news» Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дәрігерлердің айтуынша бұл көп қателік жіберетін экпсресс-тест емес. Тесттер ДНҚ-мен жұмыс істейді. Қазіргі уақытта бір мыңнан астам тест бар. Ал дүйсенбі күні тағы 6,5 мың тест жеткізілмек. Тест нәтижесінің қорытындысы бір тәуліктен кейін шығады. Материал терезе арқылы берілетіндіктен, зертханадағы дәрігерлерге вирус жұғу қаупі жоқ. Сондай-ақ зертхана ғимаратында арнайы желдеткіш те орнатылған. Аталған зертхана алғашқы емделушілерді 20 сәуірден бастап қабылдамақ. Бір күнде зертханада күніне 200 тест орындалуы жоспарланып отыр.
-Жаңа зертханада нақты уақыт режимінде ПТР әдісімен коронавирус диагностикасы бойынша зерттеу жүргізіледі. Ақмола облысы әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен біз облыстық көпбейінді балалар ауруханасының зертханасына жаңа ПТР-ді орналастырдық. Инвестиция шамамен 100 миллион теңгені құрады. Енді Ақмола облысының кез-келген азаматы коронавирус инфекциясына тексерілуге мүмкіндік алады, – деді «Мырза-хан» ЖШС Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысы филиалының директоры Әсет Бекбосынов.
Өңір басшысы тағы бір модульді фармзертхананы көрді. Модульде 1 қабат, 6 кабинеттер, сонымен қатар материал қабылдайтын 3 терезе бар. Зертхана Әуезов көшесі 210 «Дивера» медициналық орталығының аумағында орналасқан. Дәрігерлердің айтуынша мұнда денсаулық сақтау министрлігінде тіркелгендерге қызмет көрсетіліп, тек коронавирус инфекциясына ғана емес басқа да ауруларға талдау жасауға болады. Мәселен арнайы құралдардың көмегімен гепатит сияты басқа да ауруларды анықтауға болады.
-Біздің Макинск құс фабрикасы осынау заманауи зертхананы сыйға тартты. Мұнымен қоса фабрика әрқайсысы 2300 теңге тұратын 10 мың тестілерді де сыйлады. Енді ақмолалықтар нақты уақыт режимінде біздің серіктестердің көмегінің арқасында қажетті анализдерді тапсыра алады, – деді облыс әкімі.