Көкшетауда ойын алаңдарына мониторинг жасалып, полиция қызметкерлерімен бірлескен рейд шаралары ұйымдастырылды, – деп хабарлайды «Aqmola news» ақпарат агенттігі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ақмола облысының бас санитар дәрігері осылай деп мәлімдеді.
Бүгін балалар ойын алаңдары бойынша мониторинг жасалды. Балаларды ересектердің қарауынсыз далаға шығуына тыйым салу туралы осыған дейін де бірнеше мәрте қаулы шығарылған. Алайда әлі де болса ойын алаңдары жұмыс істеп тұр. Бүгін полиция департаментімен бірлесіп рейд шаралары өткізіліп, ойын алаңдарын, футбол және баскетбол алаңдарын жауып, мөр бастық. Ата-аналар балаларына бақылау жасап, көшеге қараусыз шығармауы тиіс. Қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдарды осы жұмыстарға қосылуын сұраймын. Біздің азаматтар өкінішке орай қалыптасқан жағдайды әлі түсінбей отыр, – деді Айнагүл Мусина.