Көкшетау қаласында төтенше жағдай режимін бұзудың
кезекті фактілері анықталды, – деп хабарлайды «Aqmola news» ақпарат агенттігі Ақмола облыстық прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты бірқатар шектеулер қабылданып, заңды бұзушылар қатаң жазаға тартылатыны ескертілген. Алайда, тәртіпке бағынбай кәсібін жалғастыра бергендер құқық қорғаушылардың құрығына түсті.
Өңірде төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау мақсатында прокуратура, денсаулық сақтау, полиция және басқа да мүдделі органдардың қызметкерлері кірген мобильді топ құрылған, – деді баспасөз қызметінен.
Рейд шаралары барысында осы жылдың 25 наурызында кешкі сағат тоғыздар шамасында Әуезов көшесі 185Б мекенжайында орналасқан «Smokings» кальян қызметінің жұмыс істеп тұрғанын анықтаған арнайы топ кәсіпкерді сот қаулысымен әкімшілік жауапкершілікке тартып, 5 тәулікке қамауға алды.
Ал «Түркістан» мейрамханасында тоқсанға жуық адам дастархан басында отырғанының үстінен түскен рейд ұйымдастырушылары кәсіпкердің 73 жасқа толған жасын ескеріп, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Құқық қорғаушылар мұндай жиындар мен той-томалақтарды ұйымдастырғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.