Ақмола облыстық сотында мемлекеттік тілдің рөлі мен маңыздылығы туралы «Мемлекеттік тілдің сот төрелігі саласындағы кеңістіктері мен кедергілері» тақырыбында конференция өткізілді. Жиында сот ісін жүргізуде тіл туралы заңнаманың нормаларын толыққанды қолдануға кедергі келтіретін мәселелер талқыланды, -деп хабарлайды Aqmola News ақпарат агенттігі Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров конференция жұмысын жүргізе отырып, мемлекеттің барлық салаларында мемлекеттік тілді дамыту мен қолдану мәселелерін талқылаудың маңыздылығын атап өтті.
Ақмола облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл мен ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова өңірдегі тіл саясатының орындалу барысы мен мемлекеттік тілдің қолданыстағы рөлін арттыруға қатысты баяндама оқыды.
«Қылмыстық істерді тергеу барысында мемлекеттік тілдің қолданылу аясы» тақырыбына облыстық прокуратураның мемлекеттік айыптауды қолдау басқармасының бастығы Марат Сұлтанов тоқталды.
Сонымен қатар мемлекеттік тілді қолдану бойынша атқарып жатқан жұмыстар жөнінде Мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Нұрсұлтан Шытырымбек жеткізді.
«Талап арыздарды мемлкеттік тілде беруде туындайтын мәселелер» тақырыбына мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Шәйкенов, тергеуде мемлекеттік тілдің қолданылуы жайында Ақмола облысының тергеу басқармасы басшысының орынбасары Дулат Кенжесейітов сөз алды.
Сот төрелігін мемлекеттік тілде жүзеге асыру мәселелері жөнінде Атбасар аудандық сотының төрағасы Нұрлан Бекенов, Шортанды аудандық сотының төрағасы Бейбіт Нұржан, Көкшетау қалалық сотының судьясы Ғабит Төлегеновтер баяндамалар жасады.
«Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді дамытуға барлық жағдай жасалған, заңнамалық және құқықтық база, мемлекеттік бағдарламалар, концепциялар, мемлекеттік тілді дамыту бойынша ведомстволық жоспарлар құрылған, ал әрбір мемлекеттік қызметшінің мақсаты тек қана заң нормаларын сақтау, азаматтардың тіл таңдауға деген құқығын бұзбай оны дұрыс қолдану ғана болып табылады» – деді Досжан Әміров.
«Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» заңының 4-бабында Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi екендігі көрсетілген. «Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдiк және атқарушы органдар мемлекеттік тілді дамытуға барлық жағдай жасауға міндетті, – деді облыстық соттың төрағасы.
Досжан Әміров істерді қарау барысында мемлекеттік тілді қолдану туралы заңнаманың бұзылуына жол берілген жағдайда құқық қорғау құрылымдары мен мемлекеттік органдар өкілдерінің атына жекеше қаулылар шығару арқылы шаралар қолданатындығы жөнінде түсіндірді.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында қазақ тілінің мәртебесін арттырудың маңыздылығы көрсетіліп, еліміздің тұрғындары 2020 жылы мемлекеттік тілді 95 пайыз игеру қажет екені айтылған. Алайда осы тапсырма өз деңгейінде атқарылмауда.
Ақмола өңіріндегі халықтың 51% қазақ ұлты бола тұра, 2019 жылында облыс соттарымен мемлекеттік тілде қаралып жатқан барлық істер мен материалдардың пайыздық көрсеткіші 5,0%-ды құраған.
«Әрбір мемлекеттік мекеме басшылары, құзырына сәйкес талап арыздарды және басқа да іс қағаздарды сотқа тек қана мемлекеттік тілде жолдануына ықпал етсе, мемлекеттік тілдің дамуына қосқан зор үлес болар еді» – деді Д.Әміров, сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолданудың көрсеткіштерін талқылай келе.
Заң ғылымдарының кандидаты, профессор Есберген Алауханов өз сөзінде жиынның маңыздылығын айта отырып, мемлекеттік тілді қолдану жолында кедергілерді женуге, мемлекеттік тілде сөйлеуге мәжбүрлеп үйрету керектігін айтты.
Конференцияға қатысушылар жиын соңында мемлекеттік тілді одан әрі дамыту бойынша түскен ұсыныстар негізінде қарар қабылдады.
Қарарда мемлекеттік мекемелер, тергеу органдары, прокуратура және соттар азаматтардың тіл таңдау құқығын сақтай отырып, істі мемлекеттік тілде жүргізу бойынша бақылауды күшейтуге, сот ісін жүргізу тілі жөніндегі заңнама нормаларының бұзылуын анықтау және жол бермеу мақсатында барлық шараларды қабылдауға, мемлекеттік органдар соттарға талап қою арыздарын мемлекеттік тілде жолдау туралы міндеттеме алды.