Көкшетаудағы апатты жағдайдағы 90 пәтерлі тұрғын үйге қатысты жүргізілген соңғы сараптаманың нәтижесі шықты. Оның қорытындысына сәйкес үйдің апатты жағдайда екені ресми түрде расталды. Осы үйдің тұрғындары үшін қайтадан көп қабатты баспана салынбақ,- деп хабарлайды Aqmola News ақпарат агеттігі.
Алайда тұрғындарды заң бойынша үйлері апатты деп танылған жағдайда, онда тұратын отбасыларға тек жалдамалы баспана ретінде берілетіндігі белгілі болған еді. Көп жылдық жалдамалы баспана тәртібіне көшуге тұрғындар өз наразылығын білдіріп, қала әкімдігіне арыз шағымдарын жеткізген болатын.
Осыған байланысты басшылық жан-қарастырып өз үкімін шығармақ. Ендігі кезектеТөтенше жағдай жөніндегі арнайы комиссия үйдің апаттылығы қандай жағдайдан болғандығын анықтайды. Егер табиғи әсерден орын алса, тұрғындарға жаңа пәтерлер жеке меншікке беріледі. Ал шешім төтенше жағдайға қатысты болмаса, онда олар жалдамалы пәтерлерге қоныстанулары қажет.
Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Сағындық Шабаровтың айтуынша бұл мәселені Төтеншеліктер 10 күн жұмыс ішінде қарап, тексеріп, нақты шешім шығарады. Одан соң қаражат жоспары бекітіліп, жаңа үйдің құрылысы басталмақ.
Алғашында үй жаңартылып, немесе қайтадан салынса, жеке меншікке емес, жалдамалы пәтер ретінде беріледі деді. Тұрғындар жиналып өз қарсылығымызды айтып, шу көтердік. Себебі біз бұл пәтерлерді өз ақшамызға сатып алдық. Бұл біздің жеке меншігіміздегі үйіміз. Енді табиғи апат пен өзге де факторлардың болғанына біз кінәлі емеспіз ғой. Үйсіз-күйсіз қаламыз ба деп, шошыдық. Енді іс төтенше жағдай бойынша қаралады. Табиғи салдардан апатты болғаны сараптамада көрсетілген. Оны тұрғындардың бәрі біледі. Жаңа пәтерлер өз менішігімізге беріледі деген үміттеміз,-дейді Айгүл Әлжанова, апатты үй тұрғыны.
Еске сала кетейік, бұған дейін 90 отбасы тұрғын үй ғимаратының апатты жағдайда болуына байланысты өз пәтерлерінен айрылып қалатындығына алаңдаулы екені белгілі болды. Осыған байланысты №12 мектепте қала әкімі Амангелді Смаилов қала тұрғындарымен кездесіп, шешім қабылдауға уәде берген болатын.