Көкшетау қаласында облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен «Волонтерлерді қолдау орталығының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Облыс әкімі моноблок құрылғысы арқылы qazvolunteer.kz сайтына тіркеліп облыс волонтерлерінің құрамына қосылды. Ақмола облысы жастар-ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға қоғам белсенділері, аудандар мен қалалардағы волонтерлер орталығының мүшелері, БАҚ қатысты,-деп хабарлайды Aqmola News ақпарат агенттігі.
Волонтер жылының басты ұраны – «Birgemiz». Бұл кеңсе облыс волонтерлерінің басын қосып, бағдарламалар мен жобаларды бақылау және жүйелеу үшін іске қосылды. Кез келген адам осы орталыққа келіп, моноблоктағы тіркелу фнукциясы арқылы еріктілер қатарына ресми қосыла алады. Кеңсеге келіп, өз жобасын таныстырып, оны іске асыруға бағыт-бағдар ала алады, -дейді волонтерлерді қолдау орталығы фронт кеңсесінің үйлестірушісі Данияр Даиров.
Фронт кеңсесінде волонтерлер жұмысына қажетті жағдай жасалған. Облыс аймақтарындағы волонтерлік орталықтардың жұмысын бағдарлап, олармен байланысу үшін ғаламтор, телефон орнатылып, электронды карта қойылған.
Фронт кеңсе облыстың барлық еріктілеріне өз идеяларын немесе нақты волонтерлік жобаларын іске асыруға көмектеседі.
Волонтерлік – әркімнің міндеті. Бәрі волонтерлікті тегін қызмет, жәрдем-десу деп біледі. Шынына келсек, әр азамат волонтер болуы керек. Көмекке мұқтаж адамдар көп. Мәселе материалдық көмекте емес. Жылы сөз айтып, қолдағаныңның өзі волонтерлік,-дейді «Феникс» волонтерлер орталығының мүшесі Ельнар Арыков.
Биыл Волонтерлер жылы бекітілгеннен бері облыс көлемінде еріктілер қозғалыстары пайда болып, қоғам дамуына өз үлестерін қосып келеді.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жыл аяғына дейін еріктілердің қатысуымен 170-ке жуық жоба іске асырылады деп күтілуде.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік жобаларды үйлестіретін әрі қоғамдық мониторинг жасайтын және волонтерлікті бүкіл еліміз бойынша оқытып, насихаттайтын республикалық фронт-офистің жұмысымен танысқанын білеміз. Енді міне, мұндай орталық өз облысымызда бастау алды. Барша волонтерлерді осы кеңсенің ашылуымен құттықтаймын. Біз бұл жерде өмірлік тәжірбие үйренеміз деп үміттенеміз. Өз облысымыздың өркендеуіне үлес қосамыз,-дейді «Жаңа толқын» волонтерлер орталығының мүшесі Махаббат Билялова.
Фронт кеңсесінің ашылу салтанатынан кейін Көкшетау МҮ-де облыстық волонтерлер слеті жалғасын тапты.
Өңір басшысы барша волонтерлерге құттықтау лебізін жеткізіп, әр ұйымның белсенділеріне алғыс хаттар тапсырды.
Сондай ақ, жастар шоғыры көптеп жиналған жиында «Милосердие» , «Рахат», «Жаңа толқын», «Лидер кз», «Феникс» тағы басқа да орталықтардың презентациялары таныстырылды.
Бүгінде Ақмолада ресми тіркелген волонтерлердің саны 2300-ге жуық болса, облыс көлемінде 74 волонтерлік орталықтары жұмыс істейді.