Көкшетауда Айлана Өмірзақ есімді ең жас жазушының «Көкшетау ескерткіштері» атты кітапшасы жарық көрді. Бұл еңбекті Айлана 8 жасында жазып шыққан. Облыстық Мағжан Жұмабаев атындағы кітапханада кітаптың тұсауы кесіліп оқырманға жол тартты,-деп хабарлайды Aqmola News ақпарат агенттігі.
Көкшетаудың ең жас жазушысы Айлана 3 жасынан әріп танып, 5 жасынан бастап кітапқа құмар болған.
Жас қаламгер қазіргі таңда Назарбаев зияткерлік мектебінде 2 сыныпта оқиды. Айлана мектеп қабырғасында өтетін шараларға белсене қатысады. Айта кету керек, жас өрен ағымдағы жылы «Зерде» ХV республикалық байқауына төл туындысымен қатысып, бас жүлдеге ие болған.
Жинаққа өңірдегі 30-дан астам ескерткіштің тарихы жайлы тың ақпараттар енгізілген. Бұл кітапты құрастыруға жас өреннің анасы да сүбелі үлес қосқан.
Аталмыш жинақ әзірге 10-нан астам данамен басылып шыққан.
Айлананың кітабы кітапхананың алтын қорына енгізіледі. Сондай-ақ, электронды форматта барлық кітапханаларға таратылмақ.
Шараны ұйымдастырушылар Айлананың қадамына сәттілік тіледі.