Ақмола облысы әкімі Ермек Маржықпаев халық алдындағы есепті кездесуіндегі баяндамасынан соң көпшіліктің көтерген мәселелеріне назар аударды. Бұл жиынға облыс аудандарының әкімдері тікелей эфир арқылы қатысып отырды. Сол себепті аудандардан келген тұрғындардың қойған сұрақтары сол жерде талқыланып, тиісті тапсырмалар жүктелді,-деп хабарлайды Aqmola News ақпарат агенттігі.
Өңір басшысына алғашқылардың бірі болып сұрақ қойған Аршалы ауданының тұрғыны өз өңірлерінен өтетін «Сарыарқа» газ құбырына қандай елді мекендер қосылатынын білгісі келетінен айтты. Облыс әкімі өз жауабында бұл бағытта 13 жоба дайындалғанын атап өтті.
Газ құбырына Аршалы ауданының 17, Целиноград ауданының 3 елді мекені қосылатын болады. Бірінші кезеңде 20 мыңға жуық тұрғын үй газбен қамтылады. Екінші кезеңдегі жұмыс Целиноград ауданында, үшінші кезеңдегі жұмыс автобан бойындағы бірқатар аудандар мен Көкшетау қаласында жүргізіледі,-деді Ермек Боранбайұлы.
Өз кезегін күтіп, микрофонға жақындаған Атбасар ауданындағы Покровка селосының тұрғыны 2017 жылы ауылдарын су алғанын еске салды. Су тасқынының алдын алу үшін Жабай өзенінің арнасын тереңдету жөнінде ұсыныс айтты.
Атбасар ауданында су тасқынынан зардап шеккен 600 отбасыға баспана берілді,-деді әкім.
Тұрғынның бұл ұсынысын аудан әкімі Талғат Мұхамбетжанов та тікелей эфир арқылы тыңдап, су тасқынына байланысты тиісті шаралар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Атбасарда биылғы жылы тағы да 500 пәтерлік тұрғын үй салынатыны белгілі болды. Аймақтағы 20 шақты саманнан салынған тұрғын үйлердің мәселесі де билік өкілдерінің назарына алынды.
Зеренді ауданының тұрғыны Қызылсая, Қонысбай, Сәкен Сейфуллин сияқты басқа да ауылдардың арасын жалғайтын жолдардың нашар екенін, биылғы жылдың жоспарына аталған жолдарды жөндеу жұмысы кіргізіле ме жоқ па деп сұрады.
Жалпы Зеренді ауданындағы жолдарды жөндеу үшін 780 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражаттың 480 миллионы ауылдар арасын жалғайтын сапасы нашар жолдарды қалыпқа келтіруге бағытталған,-деді өңір басшысы.
Зеренді ауданының әкімі Бауыржан Ғайсаға мердігерді анықтап, қар еріген соң іске кірісуді тапсырды.
Бұл жиында құқық қорғау саласының ардагері Асылбек Сапарғалиев облыс әкімінің жұмысына ризашылығын білдіре келе, өрт сөндірушілерді даярлайтын еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны – Көкшетау техникалық институына Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің есімін беру туралы ұсыныс жасады.
Ермек Маржықпаев ардагердің сөзіне байыппен құлақ асып, ұсынысын қарастыруға уәде етті.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ