Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық кітапханасы аймақтың инновациялық кітапхана саясатын қалыптастыруда жетекші библиографиялық және ақпараттық рөл атқарады. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында әдебиеттердің айналымын арттыру үшін «Цифрлік лаборатория» жобасы іске асырылуда. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 46,7 миллион теңге бөлінді, соның арқасында бүгінгі күні 667 дана кітап цифрландырылды. Бұл туралы директордың кітапхана жұмысы жөніндегі орынбасары Галина Савенкова айтты ,-деп хабарлайды Aqmola News ақпарат агенттігі.
Өткен жылы кітапхана Ресейдің e-LIBRARY.RU. ғылыми электронды кітапханасымен лицензиялық келісімге қол қойған болатын. Соның нәтижесінде бұл ақпараттық ресурсын библиотеканың 10 мыңға жуық тұрақты оқырмандары пайдаланып үлгерген.
Аталған электронды кітапхана әлемнің 125 елінің ғылыми негіздегі жұмыстары мен оқырманды қызықтыратын әр түрлі ақпаратпен қамтамасыз етеді.
Галина Васильевнаның айтуынша, e-LIBRARY.RU. электронды кітапханасы қазақ, орыс, ағылшын, беларус және украин тілдерінде мақалалар жариялайды.
Сонымен қатар оқырман ғаламтор кеңістігіндегі бұл кітапханаға кіру арқылы басқа да басылымдарға қол жеткізіп, мақалалар мен ақпаратқа тапсырыс бере алады.
Ол үшін ақмолалық оқырмандарға облыстық библиотекаға тіркеліп, логин мен парольін алса жеткілікті. Бұл қызмет ақысыз болып табылады.
Сонымен қатар бүгінде кітапханада «Magjan.kz» тарихи-әдеби порталы жұмыс жасайды.