Көкшетауда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын орындау мақсатында өңірлік сараптамалық кеңестің отырысы өтті. Оған мемлекеттік қызметкерлер, кеңестің белсенді мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты. Бұл отырыста негізінен бағдарлама аясында атқарылған жұмыс нәтижесі, алдағы жаңа жоспарлары мен бағыттары талқыланды. Ақмоланың бүгіні мен ертеңіне қатысты кеңес мүшелері тарапынан көптеген ұсыныстар айтылды,-деп хабарлайды Aqmola News ақпарат агенттігі.
Тәуелсіз мемлекетіміздің жарқын келбеті мен еліміздің рухани өмірін жандандыруда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-мағынасы зор. Бағдарлама қабылданғалы бері республикамыздың әр аймағында мемлекеттік мекемелер мен жобалық кеңселер іске қосылып, көптеген игі шараларды орындауға мұрындық болып келеді.
«Бағдарламаны іске асыру мақсатында университет қабырғасында әр түрлі шаруалар атқарылуда. Сараптамалық кеңестің талқылауына 200-ге жуық жоба ұсынылып, оның 3-уі ғана мақұлданбады. Университет ректоры кеңес төрағасы ретінде бұл жобаларға ғылыми зерттеу жүргізіп отырады. Ақмола облысы бойынша бағдарламаның тиімділігін арттыру мақсатында әкімдікпен және облыстық басқармалармен тығыз қарым-қатынас жүргізіледі»,-деді алғашқы сөз алған тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Аманай Сейтқасымов.
Одан кейін Ішкі саясат басқармасының арнайы жобалар бөлімінің басшысы Архат Айбабин жылдың маңызды оқиғаларына тоқталып, атқарылған жұмыстар, жаңа талаптар мен үдерістер туралы баяндама оқыды. Бағдарламаны жүзеге асырудың үш жылында бұл мақсатқа Ақмола облысы бойынша 15,1 миллиард теңге қаражат жұмсалған. 7 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, 2 миллионға жуық адам тартылған.
Облыстың тарихы мен мәдениетін айғақтайтын «Рухани AQMOLA» журналы шығарылып, фото альбомдар мен Көкшелік ақын-жазушылардың аудио кітаптары жарық көрген. Шахмет Құсайынов атындағы қазақ драма театрының алдында «Домбыра» композициясының қойылуы, Нұр-Сұлтан-Көкшетау арасын жалғайтын жол торабының бойына Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан шолақ, Ақан серілердің ескерткіштерінің сап түзеуі осы бағдарлама аясында жүзеге асырылған игі іс деуге болады.
«Smart рухани жаңғыру» мобильді қосымшасы мен «Рухани жаңғыру» порталы және «Визит-Ақмола» ақпараттық ресурсы жұмыс істейді. Облыстық Көкше телеарнасындағы «Ұлт болашағы», «Сәттілікке 1001 қадам», «Көкше қаламгерлері», «Біз жанбасақ…» бағдарламалары мен «Темірқазық» телемарафоны да осы бағдарламаны халыққа жеткізу үшін жүргізілген жұмыстың жемісі екені даусыз.
Жиналыста кеңес мүшелері күн тәртібіне байланысты өз ұсыныстарын жеткізді. Олардың негізгілеріне тоқталсақ, жиында 1741-1821 жылдары өмір сүріп, Орта жүздің ханы атанып, Абылайдың ұлы жолының жалғастырушысы болған Уәли хан туралы еңбекті қазақ тілінде жарыққа шығару кезек күттірмейтін мәселе екені айтылды. Сонымен қатар 2018 жылы 175 жылдығы ескерусіз өтіп кеткен Науан Хазіретке мұражай ашып, бұл тұлғаға қатысты жәдігерлер қою қажеттігі де сөз болды.
2020 жылы Көкшетауда өткізілетін өңіраралық ынтымақтастық форумында қозғалатын экология тақырыбына қатысты алдымен зиялы қауым мен билік өкілдерін жинап дөңгелек үстел өткізу мәселесі де қалыс қалмады.
Сонымен қатар қалада салынып жатқан «Капитал», «Жемчужина» сияқты тұрғын үй атауларын қазақшаландыру қажет. Абылай хан, Уәли хан, Баубек батыр сынды айтулы тұлғаларды насихаттау мақсатында билбордтар қою жас ұрпақ үшін тиімді, – деді жиналғандар.
Қайтыс болғанына бір жыл толмаса да атына оңды-солды көше бере салуды доғару, тарихты аңызға айналдырып өз ата-бабасын насихаттайтын ғылыми негізсіз, дәлелсіз жарыққа шығып жатқан кітаптарға және басқа да еңбектерге бақылау жүргізудің қажеттігі көтерілді.
Жиын соңында қатысушылар бұл айтылғандарды «Рухани жаңғыру» бағдарламасына енгізіп, оның стратегиясы мен әдістемесін әзірлеу керек деген шешімге келді.