spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-7.3 C
Kokshetau

Ғосман Төлеғұл 70 жаста

Сондай-ақ...оқыңыз

Бар саналы ғұмырын киелі қалам өнеріне арнаған арда азамат, Ақмола өңірінде тіл мәселесінде талай тер төккен тұлғалардың бірі – Ғосман Төлеғұл жетпіс жаста! Тал бесіктен белі шыға туған жердің топырағынан нәр алған Ғосманның жүріп өткен жолы кімге де болса үлгі боларлық. Елі үшін атқарған еселі еңбектері бүгінде атан түйеге жүк болатындай салмағы бар десек қателеспейміз. Дана Абайдың 175 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген мерейтойы тұтас Көкше қаламгерлері мен жазушыларының, сондай-ақ билік өкілдерінің басын қосты, – деп хабарлайды Aqmola news ақпарат агенттігі.

Қазақтың шұрайлы тілі үшін қаламын қару еткен қайсар жанның өрелі істері әңгіме өзегіне айналған жиында жазушының cаналы ғұмырындағы атқарған істері мен бағындырған белесі тілге тиек етілді. Сөз алған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова 70 жасқа толған жазушыны мерейтойымен құттықтап, ақжарма тілектерін білдірді. Сондай-ақ, жиын барысында Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына ұлттық-ғылыми практикалық орталығы редакциялық баспа басқармасының бас редакторы Қойшыбай Есентаев нар тұлғалы қалам иесінің қадір-қасиеті жайлы ойларымен бөлісті.

Ал жазушымен үзеңгі қағысып, тел өскен замандас азаматтар оның жеткен белестерін жіпке тізіп, желдей жүйткіп өткен жетпіс жыл ішіндегі жазған жылнамаларын жалпақ елге жария етті.

«Шығармашылықта талай шыңдарды бағындырған Ғосман Төлеғұл өмір жолында алған марапаттары мен жетістіктері жетерлік. Жазушының бір еңбегі АҚШ-тың әдеби сыйлығымен марапатталғаны, «Құрмет» орденінің иегері атанғаны, өзі туған Зеренді ауданының құрметті азаматы болғаны өз еңбегі мен шығармашылығының жемісі болса керек», – деді Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев.

Расында да, жетпістің желкесіне мінген жазушы осы уақытқа дейін жетпіске жуық кітаптың аударма авторы атанғанын біреу білсе, біреу білмейді. Қаламынан қасиет төгілген қайраткер тұлғаның кітаптары әлемнің 17 тілінде жарық көруі жазушының жазған дүниелерінің қаншалықты құнды екенін аңғарта түседі. Сүбелі туындыларының бірі Сәуле Досжановамен бірге жазған «Өгей жүрек» шығармасының тұсаукесері Германияның Франкфурт қаласында өткізілуі де Ғосман Төлеғұлдың қаламының жемісі екені даусыз.

Жазушының қаламынан туған «Жасанды жүрек» прозасы да оқыған жанның жүрегін шымырлатар шығарма екені анық. Қазақ жігітінің жүрегіне жасалған ауыр ота, жасанды жүрекпен тұру былай тұрсын, аттай шауып

кеткен азамат жайлы шығарма Қазақ медицинасының құдіретін әлемге паш еткенін айғақтайды. Аталған шығарма әлемнің 6 еліне аударылған.

Жиын соңында сөз алған қаламгер өз қаламынан осы уақытқа дейін 68 туынды дүниеге келгенін жеткізді. Жазушы жетпіс жасқа толуына орай «Жетпіс деген бір белес», «Ұстамаймын қаламды ермек үшін» кітаптары жарық көргенін, енді жетпіс жасында шығармаларының да санын жетпіске жеткізуді мақсат еткенін атап өттті.

«Жазушылық бұл дерт. Туғаннан бірге дарыған қасиет өзіммен бірге кетеді. Өмірлік тәжірибем мен мұраларым ұрпаққа өнеге болса екен деп тілеймін», – деді Ғосман Төлеғұл жиналған көпшілікке алғыс айта келіп.

Өмірін шығармашылыққа арнаған ардақты азаматқа ұзақ ғұмыр, қаламының қолынан түспеуін тілей отырып, «шығармашылық дертіңізді» бізге де жұқтырып кетіңізші дегіміз келеді…

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img