Зеренді ауданы Заречное ауылында жуық арада Шағалалы өзенi арқылы өтетiн көпiр құрылысы басталмақ,-деп хабарлайды Aqmola news ақпарат агенттігі.
Заречное және Березняковка ауылдарында жалпы саны 939 адам ғұмыр кешуде. Тұрғындар аудан орталығы мен Көкшетауға тікелей қатынайтын жол болмағандықтан қаншама жерді айналып өтетінін айтып келеді. Қазіргі кезде өзен арқылы өтетiн ұзындығы 54 метр, енi 1,8 метр болатын бұл көпір 80-iншi жылдары Садовое ауылдық округiнiң әкiмшiлiк шекарасында Заречное ауылының маңында салынған болатын. Бүгінде бұл көпір әдбен ескіріп, қолдануға жарамай тұр! Мамандардың айтуынша апатты жағдайдағы көпір тұрғындардың әлеуметтiк және экономикалық мұқтаждығын қамтамасыз ете алмайды.
2018 жылы 368,3 миллион теңгеге жобалау-сметалық құжаттама әзiрленген болатын. Алайда қаржының жетіспеушілігі салдарынан көпір құрылысын жаңарту мүмкін болмай келді.
Бұл елдімекендердің көпірге мұқтаждығын басты назарға алып, оқиғаның мән-жайын білу үшін облыстық әкімдікке хабарластық. Нәтижесінде қазiргi уақытта жобаны толық жүзеге асыру үшiн қаржы қарастырылғанын білдік. 2020 жылы ақпан-наурыз айларында көпір құрылысымен айналысатын мердігерлерге байқау жарияланбақ екен.
Облыс әкiмi Ермек Маржықбаев жобаны жүзеге асыру үшiн мердiгер компанияны анықтап, ағымдағы жылы құрылысты аяқтау қажеттігін басты назарда ұстайды деп үміттенеміз.