Адам денсаулығын сақтау мен өмір сапасын арттыру – кез келген мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Осы тұрғыдан алғанда, жұқпалы аурулардың алдын алу шараларының ішінде вакцинацияның орны ерекше. Соның бірі – адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы екпе.
Адам папилломасы вирусы әлемде кең таралған вирустық инфекциялардың қатарына жатады. Өмір барысында адамдардың басым бөлігі бұл вируспен кездеседі. Оның кейбір жоғары онкогенді типтері әйелдер арасында жиі кездесетін қатерлі дерттердің бірі – жатыр мойны обырының дамуына себеп болуы мүмкін.
Дүниежүзілік және отандық мамандардың деректеріне сәйкес, жатыр мойны обыры жағдайларының басым бөлігі адам папилломасы вирусының жоғары онкогенді типтерімен байланысты. Алайда бұл аурудың алдын алуға толық мүмкіндік бар. Ол үшін вакцинациядан дер кезінде өтіп, профилактикалық тексерулерден жүйелі түрде өту қажет.
Қазақстанда адам папилломасы вирусымен байланысты аурулардың алдын алу мақсатында қыз балаларды АПВ-ға қарсы вакцинациялау жүргізілуде. Вакцина ағзада тұрақты иммундық қорғаныс қалыптастырып, жатыр мойны обырының негізгі себебі саналатын вирустың ең қауіпті типтерінен сақтануға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 13 мамырдағы №7-ПГСВ қаулысына сәйкес елімізде 14 жастан 17 жасқа дейінгі (қоса алғанда) қыз балаларды АПВ-ға қарсы қосымша вакцинациялау жүзеге асырылуда. Қаулыға сәйкес, 14 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыз балалар екпені тегін ала алады. Вакцинация ата-аналардың немесе заңды өкілдердің ақпараттандырылған келісімі негізінде ерікті түрде жүргізіледі.
Бұған дейін АПВ-ға қарсы екпе 11 жастағы қыз балаларға және толықтырушы иммундау аясында 12–13 жастағы жасөспірімдерге салынған болатын. Енді вакцинацияланатын жас санатының кеңейтілуі қыз балалардың анағұрлым көп бөлігін қамтып, адам папилломасы вирусымен байланысты онкологиялық аурулардың алдын алу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ересектеу жас санатындағы қыздарға вакцинация төрт валентті вакцинамен үш дозалық схема бойынша жүргізіледі. Бұл вакцина вирустың ең кең таралған әрі қауіпті типтерінен қорғануды қамтамасыз етеді.
Қазіргі таңда АПВ-ға қарсы вакциналар әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қолданылып келеді. Олардың қауіпсіздігі мен тиімділігі көпжылдық ғылыми зерттеулер арқылы дәлелденген. Вакцинациядан кейін байқалатын жағымсыз әсерлердің басым көпшілігі жеңіл түрде өтіп, қысқа мерзімде жоғалады.
Әрбір ата-ана баласының денсаулығы мен болашағына бейжай қарамайды. Сондықтан вакцинация мәселесіне жауапкершілікпен қарап, ғылыми негізделген ақпаратқа сүйену маңызды. АПВ-ға қарсы екпе – бүгінгі таңда жатыр мойны обырының және осы вируспен байланысты басқа да аурулардың алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі.
Денсаулық – баға жетпес байлық. Ал оның негізі ауруды емдеуде емес, оның алдын алуда жатыр. Сондықтан АПВ-ға қарсы вакцинация – болашақ аналардың денсаулығын сақтауға, ұлт саулығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Серік Омарханов,
Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.


